×

Ендігі кезек Үкіметте: Қазақстанда АЭС салу бойынша жария талқылаулар аяқталды

Жария талқылау бір жыл бұрын басталған

 Халық үні 20.08.2024 | 18:01
Фото: Halyq Uni/ Мейірбек Ташкуранов

Бүгін Астанада атом электр станциясын салу мәселесі бойынша қоғамдық пікірталастар циклін аяқтайтын 20-талқылау өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Талқылауға мемлекеттік органдар, азаматтық сектор, атом саласының сарапшылары мен қала тұрғындары қатысты. Мамандар жұртшылыққа елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АЭС құрылысына дайындық, сондай-ақ атом саласы үшін кадрлар даярлау туралы ақпаратты ұсынды.

«Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ директоры Тимур Жантикин станса құрылысына екі орын таңдалғанын айтты.

2018 жылы атом стансасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесінің бірінші бөлімін әзірледік, онда 2 өңірде станса салу қарастырылған. Атап айтқанда, бұл – қазіргі Абай облысы Курчатов қаласы, екіншісі Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы. АЭХА ұсынымдары бойынша кең ауқымды зерттеу жүргізілді. Екі аудан да жарамды деп танылды, - деді ол.

Сондай-ақ жетекші сатушылардан техникалық және коммерциялық ұсыныстарды сұралып, нәтижесінде 13 жоба ұсынылғанын айтты. Алайда Энергетика министрлігі Қазақстанда құрылыс үшін ең перспективалы 4 жобаны таңдаған. Оның технологиясы Қытай, Корея, Ресей және Француз компанияларына тиесілі.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің мәліметінше, атом стансасына шамамен 2 мың жұмысшы қажет, оның 400-і жоғары білімді қызметкер, қалған 1600-ы жедел персонал. Бұл мамандар еліміздегі 4 университетте даярланады.

Қазір 1649 студент ядролық физика, ядролық энергетикаға арналған материалдар және ядролық физика және атом энергетикасы бағыттары бойынша оқудан өтті. Осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер негізгі тәжірибеден өту үшін Ядролық физика институты мен Ұлттық ядро орталығын таңдай алады. Біздің институт 30-дан астам халықаралық ғылыми орталықтармен және оқу орындарымен ынтымақтасады,- деді ол.

Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков талқылауға келген жұртшылыққа АЭС ЖЭО мен АЭС басты айырмашылығын түсіндіруге тырысты. Ол атом технологияларын ұсынып отырған шетелдік компаниялардың барлық қондырғысы III және III+ санатына жататынын айтты. Оларды әзірлеу кезінде бұрын болған барлық ықтимал оқиға мен апат ескерілген.

Бүгінде Қазақстан аумағында АЭС салу үшін III және III+ буын реакторлары ұсынылады. Бұл – толықтыратын және алмастыратын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйесі бар реакторлар. Мұның бәрі 8 балға дейінгі жер сілкінісіне, 56 м/с жылдамдықтағы дауылды желге, су тасқынына төтеп беруге мүмкіндік береді. Ықтималдығы аз ең ауыр апат болған жағдайда, балқуды белсенді аймақта ұстап қалатын арнайы қоршау қарастырылған», - деді Батырбеков.

Алайда жиында сұрақ қойып, пікір білдірген тұрғындардың көбі АЭС салуға қарсы екенін ашық айтты.

АЭС салудың оң және теріс жақтары бар. Бүгінде елімізде электр энергиясының бағасы өсіп жатыр. Мұны кәсіпкер ретінде айтып отырмын. Жүктемені сезініп отырмыз. 1 кВт сағаттың бағасы 35-37 теңгеден асты. Қазір көршілерімізге қарағанда біздегі энергия қымбат. Мұндай бағамен оларға бәсекелес болу өте қиын. Сондықтан бізге арзан электр энергиясы керек. Өкінішке қарай спикерлерден қауіпсіздіктен басқа экономиканың ешбір механизмі туралы мәлімет естіген жоқпын. Жасыл энерия дегеніміз жақсы, қауіпсіздік одан да жақсы. Алайда оның экономикаға әсері қалай болатыны бәріміз үшін маңызды. Сондықтан мәселені тек қауіпсіздік жағынан ғана емес, экономика тұрғысынан да шешу қажет. Егер АЭС-тің салынуы электр энергиясының құнын айтарлықтай төмендетіп, өндірілген тауардың өзіндік құнын арзандататын болса, бұл  мәселе оң шешімін табады, - деді азық-түлік компаниясының бас директоры Алмас Зарипов.

Тағы бір астаналық энергия тапшылығын шешу үшін неге тек атом энергиясы таңдалғанын сұрады.

«Тарифтің көтерілуінің салдарынан 10-нан астам жылыжай шығынға батты. Біз электр энергиясына тәуелдіміз. АЭС – жаңа толқын екенін білеміз. Қазіргі ұрпақ болашақ үшін жауапты екенімізді түсінеміз. Бізге неге бір ғана нұсқаны ұсынады? Басқа да нұқсаларда қарастырайық, стейкхолдерлерді шақырайық. Түрлі алаңдардың көмегін пайдаланып талқылайық», - деді Ибраев Роллан.

Өзін Астана қаласының бас биімін деп таныстырған ақсақал Нағызхан Төлеубаев жария талқылаудың мемлекеттік тілде өтпегеніне наразылық білдірді.

Қазақстан президенті бәрімізге мүмкіндік беріп, талқылаңдар дегені рас па? Ендеше неге кедергі келтіреді? Жап-жас балалар желкемізде тұр. Болашағымыз, ұрпағымыз үшін маңызды мәселені талқылау үшін келгенде қазақ тілінде сөйлемегендеріңіз қиын екен. Таңғалып тұрмын. Кеше ғана әлемге масқара болған Семейді ұмытып кеттіңіздер ме? Семейдің зардабын әлі тартып жатырмыз. 2 млн га жер әлі уланып жатыр, - деді ол.

Астана тұрғыны Еркебалан Абай бұл мәселе өте сақ болу керек деген пікірде.

«АЭС біз үшін Гамлеттің бар болу немесе бордай тозу ойы сияқты. Курчатов, Чернобыль АЭС-да болған апаттың неге әкелгенін білесіздер. Апаттың салдары әлі күнге дейін жойылған жоқ. Семей полигонының салдары да жойылмады. Ақтаудың жанында 80 млн радиобелсенді қалдық жатыр. Онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Енді сіздер АЭС саламыз деп отырсыздар. Стансаны салуға қанша қаржы кетеді, қалдықтармен кім айналысады деген көп сұраққа жауап жоқ», - деді ол.

Еске салсақ, былтыр 22 тамызда АЭС салу мәселесі бойынша алғашқы жария талқылау Алматы облысы Үлкен ауылында басталған еді. Содан бері еліміздің барлық өңірінде талқылаулар ұйымдастырылды. Биыл маусымның соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу бойынша референдум биыл күзде өтетінін мәлімдеді. Нақты күнді Үкімет айқындайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама