×

Көпбалалы ана: «Әкімдік жүре алмайтын балаларыма коньки тебуге жолдама берді»

Қызылордалық ана облыс әкіміне шағымданды

 Халық үні 09.06.2022 | 14:44
коллаж: Halyq Uni

Қызылордада әлеуметтік сала маманы өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедек балаларға мұз айдынында коньки тебуге жолдама ұсынған. Бұл мүсіркеуге ызаланған балғындардың анасы облыс әкіміне шағымын жеткізді.

Жұлдыз Байменова - алты баланың анасы. Егіз қызының бірі эпилепсия, екіншісі туа бітті сал ауруына шалдыққан. Олар биыл 13 жасқа толды. Бірақ өздігінен жүріп-тұра алмайды. Екеуі де мүгедектігіне байланысты тіркеуде тұр. Бір қызығы, жеткіншектердің жағдайын біле тұра Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары анасына хабарласып коньки тебуге жолдама берілгенін айтқан. Осыған ызаланған Жұлдыз Әбдіқалыққызы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жеке қабылдауына жазылып, базынасын айтты.

«Бақытты отбасы» орталығынан бір маман звондап «Екі қызыңызға мұз айдынына коньки тебуге билет беріледі, келіп алып кетіңіз» деді. Бұл мүсіркеу ма, мазақ қылу ма, түсінбедім? Қыздарымның күн сайын шырылдағанын көріп, жанымды қоярға жер таппай жүргенде мына «сыйлықтары» қатты ызамды келтірді. Балаларыма қатысты барлық мәлімет олардың алдында тұр. Білмей қалды дегенге сенбеймін», - дейді Жұлдыз Байменова.

Қала тұрғынының шағымын тыңдаған облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бұл жағдайға жол берген жауаптыларға тез арада тәртіптік шара көру керектігін жеткізді. Бұл мәселені толыққанды зерделеуді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримовке тапсырды.

«Бұл не масқара?! Ылғи қолдан мәселе жасап жүресіздер. Сол конькиге берілетін қаржыға балаларға қажетті затты алып беруге болмады ма? Балам деп шырылдаған осы ананың орнына өздеріңізді қойып көріңіздер. Қандай күйде болатын едіңіздер?!», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысының жеке қабылдауы барысында Жұлдыз Байменова өңірде ерекше балаларға қолайлы жағдай жасалмай жатқанын да айтты.

Оңалту шаралары көңіл көншітпейді және әлеуметтік көмектер уақытылы берілмейді, - деді көпбалалы ана.

Елжас Әбділда, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама