Елімізде медицина саласында 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысты. Президент білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу жолын ұсынды. Атап айтқанда мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені айтылды.
Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы тағы бір мәселе ретінде оқу орындарындағы грант бөлуді айтты. Сондай-ақ жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөлінетінін және студентті оқыту құнына қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде медицина кадрларының тапшы екенін айтты. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Сондықтан Президент өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екеніне назар аударды.