Ол туындысы арқылы танымал туристік орындарды көрсетеді
Димаш Құдайберген еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, министрлік қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіруге кірісті. Жоба аясында тыңдармандарға Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарына арналған жаңа музыкалық композиция ұсынылады.
Бейнебаян түсірілімі Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындарда өтті. Сондай-ақ жаңа туындыда Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі деп күтіліп отыр.
Бұл жоба Қазақстанның бірегей сұлулығына назар аудартып қана қоймай, көрермендерге өнер туындысы арқылы елімізді жаңа қырынан көрсетуге жол ашады. Бейнебаян арқылы көрермендер Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды деп үміттенеміз, – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Жоба дарынды өнерпазымыздың жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
«Димаш – Қазақстан туризмінің елшісі атанауға лайықты тұлға. Көптеген адам Қазақстанды Димаш арқылы таниды», – деді әншінің Қытайдағы фанклубы. «Димаш бізді өнер арқылы Қазақстанмен таныстырды. Ол өзінің концерттерінде, кездесулерде бізді әрдайым Қазақстанға шақырады. Шынайы жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен Димаштың Отанына барады. Сондықтан біз биыл қыркүйекте Астанада өтетін Димаштың концертіне келеміз», – деп пікір жазды жоба туралы жарияланымның астына Ольга Гриченко есімді тыңдарман.