×

«Сенімді сөйлеуге тырыстыңыздар». Үкімет басшысының әріптестеріне көңілі толмай қалды

Жұмысына салғырт қараған басшылардың жауапқа тартылатыны ескертілді

 Дәурен Ерболат 20.08.2024 | 11:38
фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердің жылыту маусымына дайындығы төмен екенін айтып, әріптестерінің істеп жатқан жұмысына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл асатын уақыт қалған. Бірақ дайындық жұмысының қарқыны төмен.

Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болмайтынына менің көзім анық жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді, - деді Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр сөзіне нақты дәлелдер келтірді. 

«Мысалы, Қарағанды облысын алайық. Qarmet компаниясының 2-Жылу орталығындағы 2-қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оның үстіне 1-қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмады. №7-қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Биыл мамырда осы мәселені қарағанымызда облыс әкімі 7-қазандық мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген. Жалпы, мұның барлығы Теміртаудың қысқа әзірлігіне, қажетті жылу қуаты мен резервтердің қамтамасыз етілетініне күмән туғызады. Шахтинск тұрғындары да «дайындық уақтылы аяқталмай қала ма?» деп алаңдап отыр. Қалада тендер бойынша және сол күйі басталмай тұрған жұмыстар төңірегінде сұрақтар көп. Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-жылу электр орталығындағы №4-турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ, комбинаттың 2-жылу орталығында құжаттар уақытылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті, жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру», - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов жұмыс уақытында істелмесе, басшылар жауапқа тартылатынын ескертті.

«Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралады. Станцияларда отын қорымен қамтамасыз етуге, оның ішінде конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты сұрақтар бар», - деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама