Досымен бәстескен астаналық 15 тәулікке қамалды

Динара Амантай

Ол сотта кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты

Фото: Halyq Uni

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасағаны астаналыққа қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс құжаттарына сәйкес, ер адам орталық демалыс саябағында орналасқан «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде мемлекеттік нөмірі жоқ автокөлікпен жүрген. Сот отырысында ол кінәсін мойындап, көлікті жаяу жүргіншілер көпірінде айдау туралы досымен бәстескенін, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Құқықбұзушының әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада көрсетілген деректермен, баянатпен, түсініктемлермен және бейнежазбамен дәлелденеді. Жасалған әрекеттің сипатын, кінәлінің жеке басын, оның құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, істің мән-жайын ескере отырып, көпірдегі жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген адамды тәрбиелеу мақсатында, сондай-ақ жаңа құқықбұзушылық жасауға жол бермеу үшін соттың қаулысымен Т. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.