Halyq Uni логотип
×

Абай Бегейдің 16 жастағы қызы келін атанды: ҚМДБ өкілдігі мәлімдеме жасады

Имамдар кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған

 Халық үні 19.08.2024 | 20:32
Абай Бегейдің 16 жастағы қызы келін атанды: ҚМДБ өкілдігі мәлімдеме жасады
фото: instagram.com

Өткен аптада әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шығып, әлеуметтік желіде көпшілік оның әлі кәмелет жасына толмағанын сынға алған еді. Ал бүгін ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі нақты әншінің қызына қатысты деп меңземегенмен, елдегі имамдардың кәмелетке толмаған жасөспірімдердің некесін қимайтынын алға тартты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Өкілдіктің мәлімдемесін ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы өзінің Facebook-тегі парақшасына жариялады.

Ақтау қаласында кәмелет жасқа толмаған қыздың некесіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі төмендегіні мәлімдейді:

Неке қию рәсімінің мешітте болмағаны анықталды. Мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды, - делінген хабарламада.

Бұл ретте жас жұбайлардың мешітке мұсылманша неке қидырту үшін емес, естелік суретке түсу үшін барғаны анықталып отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған «Мешіт имамдарының неке қию тәртібі» құжатына сәйкес, отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруға тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдерінің қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды, - деп мәлімдеді ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама