Тамызда 18 мың адам ҰБТ тапсырды
80-ге жуық талапкер ереже бұзған
18 мыңнан астам адам тамыздағы ҰБТ-ны тапсырып, шекті балды 52% талапкер жинады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеудегі орташа балл – 54 балл. Ең жоғары балл – 128. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыз ҰБТ-сына 100 талапкер қатысқан.
ҰБТ өткізу барысында 77 адам ереже бұзған. Оның ішінде 44 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 33 адам шығарылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте ЖОО-лардағы қабылдау комиссиялары құжатты қабылдайды.
Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша белгіленген шекті балл жинай алмаған, тестілеу нәтижесі жойылған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін талапкерлерге жоо-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі.
Ары қарай олар 2025 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.