«Жастарға жұмыс жоқ». Сенатор зейнет жасын төмендетуді ұсынды
Ол бүгінде жастарға жұмыс табу қиын екенін жеткізді
Сенат депатуты Дана Нұржігіт әйелдер үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.
«Депутаттық сауалым зейнет жасын төмендету мәселесін қатысты.Соңғы кездері үкімет пен бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырып жиі талқыланады. Бұл мәселе туралы әлеуметтік желі арқылы маған күн сайын оннан аса өтініш-хат түседі. Депутаттық мандатты алған уақыттан бері, яғни 3 жыл бері өтініштер артпаса, кеміген емес. Халық үніне құлақ асатын мемлекет боламыз дегеніміз рас болса, енді бұл мәселені жылы жауып, қарап отыруға болмайды деп есептеймін», - деді Дана Нұржігіт.
Оның пікірінше, зейнетке шығу мәселесі жыл өткен сайын өзекті.
«Бірыңғай жинақтаушы қорының мәліметінше, үй жағдайын жақсарту үшін жинақтарын пайдалануға 1 миллион 322 мың 42 өтініш түскен. Тек осы мақсатқа зейнетақы қорынан алынған қаржының жалпы сомасы – 3,1 триллион теңге. Енді осы 1 миллион 322 мың 42 өтініш білдірген азаматтар үшін инфляцияға ұшырайтын зейнетақыны ары қарай қорға жинау қаншалықты тиімді? Зейнетақы қорының инвестициялық табысы ақшаның құнсыздануынан туындаған айырмашылықты жаба алмай отыр деп айтуға негіз бар», - деді депутат.
Сенатор 2015 жылы зейнет жасын өзгерту туралы заң қабылданған кезде Қазақстандағы орташа өмір сүру жасы негізге алынғанын жеткізді.
«Ол кезде орташа өмір сүру жасы 71 болатын. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жас деп алынды. БҰҰ дерегінше, 2022 жылы Қазақстанда әйелдер үшін өмір сүру ұзақтығы 78 жас, ерлер үшін 70 жас деп болжанған. Алайда пандемия әсерінен бұл көрсеткіш өзгерді. Шын мәнінде қазіргі болжамға қатысты нақты ақпарат жоқ. Менің ойымша, мұндай нақтыланбаған дәйекті дәлелі жоқ, яғни күмәнді көрсеткіштер әлеуметтік маңызы аса зор заңның қабылдануына негіз бола алмайды?», - деді ол.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы адам өлімі 22%-ға өссе, кейінгі жылдары да бұл үдеріс тоқтамаған.
«Осылайша, 2015 жылы әлемдік болжамдарға негізделіп жасалған зейнетақы реформасы Қазақстандағы бүгінгі жағдайға мүлдем сай емес. 7 жыл бұрын әлемде қартайған адамдар саны ұлғайып, еңбекке жарамдылардың қатары азаятын еді. Алайда пандемия, әлеуметтік экономикалық дағдарыс бұл болжамдарды теріске шығарды», - деді Дана Нұржігіт.
Ол Қазақстандағы ең басты проблема жұмыссыздық екенін атап өтті.
Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық. Тиісті мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда 9,3 миллион еңбекке жарамды адамның 453,1 мыңға жуығы жұмыссыз. 2021 жылғы бірінші тоқсанда бір жылдан аса уақыт жұмыс іздеген 15-28 жас аралығындағы жастардың үлесі – 8350, ал 2022 жылғы бірінші тоқсанда дәл осы көрсеткіш 9262 болып, 10%-ға өскен. Бұған жыл сайын жоғары оқу орындарын енді бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген жастарды қосыңыз. Сондай-ақ биыл елімізде алғаш рет пилот режимінде қолданбалы бакалавриатты 2-2,5 жылда бітіріп, еңбек нарығына жұмыс іздеп шығатын жастар бар. Оларды қайда орналастырамыз?, - деді сенатор.
Дана Нұржігіт бұл мәселені шешу үшін әйелдердің зейнет жасын өзгерту керек деген пікірде.
«Тоқ етерін айтқанда, бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келетін жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Соңғы кездері үкіметтің зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатқанын білеміз. Сөз басында айтқан әйелдердің зейнетке шығу жасын өзгерту туралы өтініштерін ендігәрі ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 деп бекілітіп, егер әйел ары қарай жұмыс істеймін десе «өз құқығы, өз еркі» деп қарастыруыңызды сұраймын», - деп сөзін түйіндеді депута.
Ол депутатық сауалға заңмен белгіленген уақытта жазбаша жауап беруді сұрады.