Әйел 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Павлодарлықтардың 220 млн теңгеден аса қаржысын алаяқтықпен иемденген күдікті Ресейден елге қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратураның мәліметінше, әйел 2019-2023 жылдар аралығында таныстарынан бизнесті дамыту үшін ақша алып, кепілдік ретінде өзіне тиесілі емес пәтерді ұсынған. Оның жасаған алаяқтығының салдарынан Павлодардың 66 тұрғыны 223 млн теңгеден аса шығынға батқан.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Өткен жылдың желтоқсанында күдікті әйел Ресей Федерациясы Адыгея Республикасының аумағында ұсталды. Содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Алаяқ әйел аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.