Түркістандағы жаңа университеттің студенттері далада қалуы мүмкін

Назерке Еркінбекқызы

Оқу ордасы осыдан екі жыл бұрын ғана ашылған еді

скриншот: видео

Осыдан екі жыл сырнайлатып-кернейлетіп ашылған Түркістан қаласындағы «Халықаралық туризм және меймандостық» университетінің 326 студенті енді бұл жерде оқи алмайды. Себебі спорт және алғашқы әскери дайындық факультеті жабылғалы жатыр. Мұны естіген студенттер енді қайда баратынын білмей уайымдап жүр.

«Ақпан айынан бері екі факультеттің жабылатыны туралы сыбыс тарай бастады. Бірақ ректорат ол туралы ашып айтқан жоқ. Кеше ректоратқа тағы бардық. Олар бізге ештеңеге жабылмайтынын айтады. Ал ата-аналарымызға жабылуы мүмкін деп шығарып салыпты. Кімге сенерімізді білмей қалды», - университеттің ІІ курс студенті Севина Уахапова.

Студенттердің оқудан шығарылатыны туралы ақпаратты ата-анасы да естіген. Осылайша кеше студенттердің ата-анасы университет алдына жиналып, ЖОО басшылығынан жауап беруін талап етті.

Айта кетейік, университет ректоры осыдан екі апта бұрын қызметінен кеткен. Оның орнына университет ректорының міндетін атқарып қалған Қарлығаш Аралбекова студенттердің күдігін растады.

Бізде де маза жоқ. Мамыр айынан бері министрлікпен қайта-қайта балйнасып жатырмыз. Әзірге олар ресми құжат жібермеді. Бірақ, екі факультеттің лецензиясынан айрылуы мүмкін деген ақпарат жіберді, – дейді Қарлығаш Аралбекова.