Ескі автокөлік көп пе, әлде жаңасы ма?
Елімізде 2024 жылдың маусымында 132,8 мың автомобиль есепке қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,3%-ға кеміді.
Осылайша, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген көліктер саны 5 506,9 мыңды құрады. Оның ішінде 88% – жеңіл автомобильдер, 9,9% – жүк автокөліктері мен 2,1% – автобустар, – деп қосты бюроның баспасөз қызметі.
Тіркелген жеңіл көліктердің жалпы санында шығарылған жылы бойынша 20 жылдан асқандардың үлесі – 44,4%, 10 жылдан асқан бірақ 20 жылдан кем автокөлік үлесі – 23,6%, 7–10 жыл болғандар – 12,6%, 3-7 жыл аралығындағылар – 13,2% және автомобильдердің тек 6,2%-ның шыққан жылы 3 жылдан аспайды.
Шығарылған жылы 20 жылдан астам жеңіл көліктердің ең көп саны Алматы облысында – 325,2 мың, Алматы қаласында – 189,7 мың, Жамбыл облысында – 168,8 мың, Қарағанды облысында – 162,9 мың әрі Шығыс Қазақстан облысында – 154 мың тіркелді.