Биыл алматылық жүргізушілердің төлемеген айыппұлы 126 млн теңгеге жуықтады

Қымбат Елтайқызы

Жол ережелерін бұзған жүргізушілер айыппұлдарын төлемеген

фото: polisia.kz

Алматы қаласының полициясы ірі көлемдегі төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерді ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы полициясы жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланатын, көліктеріне арнайы сигнал беру құралдарын орнататын, көлікті мас күйінде жүргізетін және төленбеген айыппұлдары бар қауіпті жүргізушілерді анықтау мен жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмысты жалғастырып жатыр. Салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар борышкерлерді автоматты түрде анықтайтын автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда, деп мәлімдеді Polisia.kz.

Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімшелері патрульдік полиция полкі және мамандандырылған батальон қызметкерлерінің көмегімен 200-ге жуық көлікті тоқтатып, мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырды. Бұл көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жалпы соммасы 125 миллион 940 мың теңге көлемінде айыппұлдары бар, – деп қосты ІІМ.

Алматы полициясы тағы да қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын, құқықбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын, әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде төлеу қажеттігін еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.