Қайрат ағамның өзінің дұғасы қабыл болған екен – Мұхаметжан Тазабек

Халық үні

Президентімізге, сот билігіне көп рахмет, - дейді ол

фото: facebook.com

16 тамызда Өскемен қаласының №2 соты Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырған еді. Бұл хабарды айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек «қуанышты жаңалық болды» деп сипаттап, президент пен сот билігіне рахмет айтты, деп хабарлайды Halyq Uni arasha.kz-ке сілтеме жасап.

Ер басына не келіп не кетпейді?! Қуанышты жаңалық болды! Аллаға шүкір! Президентімізге, сот билігіне көп рахмет, ынсапты шешім қабылдаған! Дұға қылушы ек: «Азамат отбасына ертерек оралса екен» деп. Жақындары мен жанашырларының, Қайрат ағамның өзінің дұғасы қабыл болған екен! – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Бұл ретте сот Қайрат Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгілеген.

Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген:

  • Соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап, 10 күн ішінде есепке қою үшін келу;
  • сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды іске асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау;
  • басқа да міндеттерді орындау сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді.

Міндеттерін орындамаған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны түсіндірілді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, – делінген сот хабарламасында.