Балқашта демалып жатқан адамдар жаппай уланып қалды

Халық үні

29 адам медициналық көмекке жүгінген

фото: dzen.ru

Балқаш және Қарағанды санэпидемиологтары демалыс аймақтарының бірінде болған жаппай улану жағдайларын тергеуді бастады. Полиция да аталған жайтты назарға алды, деп хабарлайды Halyq Uni Ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.

Балқаш қаласының «Досжан» отбасылық пансионатында демалушылар арасында жіті ішек инфекциясы тіркелді. 16 тамызда жіті ішек инфекциясына күдікті 29 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның 18-і стационарлық жағдайда емделуге жіберілді, - деп мәлімдеді облыстық СЭБД.

Мамандар эпидемияға қарсы іс-шараларды бастағанын, оқиға орнында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылғанын, оның ішінде науқастар арасында сауалнама жүргізілгенін жеткізді.

Қарағанды облысының санэпидбақылау департаменті қызметкерлерінің арасынан бригада құрылып, Балқашқа барды. Зертханалық зерттеулер негізінде тергеу басталды. Іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материалдар Балқаш қалалық полиция бөліміне берілді.

Қарағанды облысының полиция департаменті жаппай улану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 304-бабы, 1-бөлігі («Абайсызда жаппай ауруға, инфекцияға, сәулеленуге немесе улануға әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.