Сот үкімі оқылғаннан кейін алқабилердің бірі айыпталушыларға іс-қимылмен бірдеңе көрсетпек болған
Солтүстік Қазақстан облысында қарақшылық жасап, адам өлтіріп, ақталып шыққан қос азаматтың ісі қайта қаралатын болды. Мұндай шешімді бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған оқиға 2023 жылдың соңында М. Жұмабаев ауданының Медвежка ауылында болған. Жергілікті кәсіпкер өз үйінің ауласынан өлі табылған.
Ал биыл наурыз айында осы іске қатысы бар деген күдікпен ауылдың 2 тұрғыны – Максим Ивановский мен Евгений Баширов ұсталды. Сот отырысы алқабилердің қатысуымен жабық режимде өткен. Өйткені олардың біреуі кәмелет жасына толмаған.
Максим Ивановский мен Евгений Баширов Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі 4-тармақшасы («Қарақшылық») және 99-бабы 2-бөлімі 7, 8-тармақшасы («Адам өлтіру») бойынша айыпталған. Сондай-ақ Евгений Баширов Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлімі 1,2,3-тармақшасы («Ұрлық») бойынша айыпталған еді. Алайда алқабилер алғашқы екі бап бойынша оларды ақтап шыққан. Айыпталушылардың біреуі бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген хабарламада.
Алайда жәбірленуші тарап алқабилер шығарған шешіммен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген. Бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы іске қатысты шешім шығарды.
2024 жылдың 14 маусымында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Максим Ивановский мен Евгений Башировты кінәсіз деп тауып, ақтап шыққан. Бұл сот шешімінің күші жойылсын. Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысынан бастап, үкім шығарған сотқа қайтадан жіберілсін. Жаңа сот отырыстары өзге құрамда өтеді. Ивановскийге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сол күйінде қалдырылсын. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты, жәбірленуші өкілдерінің апелляциялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап, яғни 2024 жылдың 16 тамызынан бастап заңды күшіне енеді, – деді сот алқасының төрағасы Ербар Қалиев.
Әдетте алқабилер соты шығарған үкімге шағым түрсіруге болмайды. Алайда аталған істен бірқатар олқылық анықталған. Оны шешімді оқып болғаннан кейін облыстық соттың судьясы түсіндірді.
Бұл істі талдау кезінде бірқатар қателік анықталды. Айталық, қорғаушы тарап алқабилер отырған кезде тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ талап бойынша сот мұндай жайттарды алқабилер болмаған кезде қарастыруға тиіс еді. Өйткені оның барлығы алқабилер шешім қабылдарда әсер етеді және әсер еткен де сыңайлы. Себебі сот үкімі оқылғаннан кейін алқабилердің бірі айыпталушыларға іс-қимылмен бірдеңе көрсетпек болған, - дейді облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралин.
Сондай-ақ алқабилердің бірінің бұрынғы күйеуінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.