Әуекомпания қызметкерлерін балағаттаған әйел жазаланды
Ол бұған дейін де жауапқа тартылған
Халықаралық әуе рейсінің мас жолаушысы тәртіп бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы-Сочи бағытындағы әуе рейсінің 29 жастағы жолаушысын анықтап, ұстады. Әйел әуе рейсіне отырғызу кезінде мас күйде болып, өзін дөрекі ұстаған. Әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған.
Көлік полицейлері құқықбұзушыға қатысты қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқыққорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, материалды сотқа жолдады, – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетсек, әйел бұған дейін де алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Сот шешімімен ол 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.