Halyq Uni логотип
×

Қазақтелеком «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектеседі

Техникалық мамандар дайындауға басымдық беріледі

 Дәурен Ерболат 16.08.2024 | 11:10
Қазақтелеком «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектеседі
Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni.

Орталықтың мәліметінше, меморандум байланыс, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және инновация салалары үшін шетелде жоғары білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» төрағасы Әлия Оспанова бұл серіктестік маңызды екенін атап өтті.

Әлемдегі жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарда білім алу арқылы стипендиаттарымыз озық тәжірибе мен технологияны меңгеріп, оны елімізде пайдалана алады. Орталық елді цифрлық трансформация мәселелерін шешуге және экономиканың негізгі секторларының дамуын қолдауға қабілетті жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін инженерлік-техникалық мамандарды (ЕжБ) даярлауға ерекше көңіл бөледі, - деді басшы.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин меморандум жаңа буынды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығымен» ынтымақтастық цифрлық болашақтың міндеттерін шешуге қабілетті кадрларды дайындаудың бірегей мүмкіндігін береді. Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайта түсетін жастардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз, - деді ол.

Қос тарап «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыруды қолдауға және экономиканың негізгі салаларында, оның ішінде байланыс, телекоммуникациялар мен IT-технологияларында сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған бірқатар жобаны іске асыруға келісті.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері Huawei және Ericsson сияқты жетекші корпорацияларда «500 ғалым» ғылыми тағылымдамадан және кәсіби тағылымдамадан өте алады, сондай-ақ MIT, Stanford University, University of California-Berkeley, Tsinghua University сияқты әлемнің беделді университеттерінде магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқи алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама