Halyq Uni логотип
×

Бурабайдың орман алқабы 2600 гектарға ұлғайды

Орманды қалпына келтіру ағаш егуден ғана тұрмайды, дейді мамандар

 Қымбат Елтайқызы 15.08.2024 | 16:50
Бурабайдың орман алқабы 2600 гектарға ұлғайды
фото: «Бурабай» ұлттық паркі

«Бурабай» ұлттық паркінің орман алқабы 2600 гектарға ұлғайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кейінгі 5 жыл ішінде «Бурабай» ұлттық паркіндегі орман алқабы 3,3 пайызға ұлғайып, 79 546-дан 82 137 гектарға жетті. Яғни, мемлекеттік орман инспекторларының қызметінің арқасында жасыл желек жамылған жердің аумағы 2591 гектарға кеңейіп отыр, деп мәлімдеді ұлттық парктің баспасөз қызметі.

Ағаш отырғызу жұмыстары 2024 жылы да жалғасын тапты. Бұл Бурабай ормандарын қалпына келтірудің ұзақ мерзімді жоспарларын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Биыл Ақылбай, Бурабай, Золотобор, Жалайыр, Мирное және Приозерное орманшылықтарында қызу жұмыс жүріп, жалпы ауданы 104,9 га жерге 839,2 мың қарағай көшеті егілді.

Орманды қалпына келтіру - ағаш егуден ғана тұрмайды. Бұдан бөлек, өскінге мұқият күтім жасау. Биыл біз 333,9 гектар алқаптағы көшеттердің түбін екі мәрте қолмен арамшөптерден арылттық. Нәзік өскіннің солып қалмай, бой жазып өсіп кетуіне жағдай жасауға тырысамыз, күзге дейін күтіп-баптаймыз, - деді орманды қалпына келтіру инженері Әлия Әбдірахманова.  

Маманның айтуынша, қолайсыз ауа райына байланысты факторлар жас орманның өсуін қиындатқанымен, ұлттық парк соған қарамастан жыл сайын орман аумағын ұлғайта беретінін атап өтті.

«Орман өрттері, аптап ыстық, адамдардың экологияға қайшы әрекеттері көшеттердің өмір сүруіне және орманның табиғи жаңаруына теріс әсер етеді. Дегенмен, ұлттық парк ұжымы қиындықтарды жеңіп келеді. Соңғы 5 жыл ішінде біз әр жыл сайын 65 гектардан астам аумаққа кемі жарты миллионнан көшет егіп жүрміз. «Бурабай» МҰТП қызметі басталғаннан бері жалпы ауданы 1400 гектарға жуық қарағай мен қайыңның 10 миллионнан астам көшеті егілді», - деді орман инженері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама