Абай облысында құрылысшылар марапатталды

Қымбат Елтайқызы

Елімізде Құрылысшылар күні әр тамыздың екінші жексенбісінде аталып өтеді

фото: Абай облысының әкімдігі

Өңір құрылысшылары отандық құрылыс саласындағы жемісті еңбектері үшін марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құрылысшылар күніне орай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен отандық құрылыс саласындағы жемісті еңбегі және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ сала қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Абай облысының азаматтары да бар, деп мәлімдеді аймақ әкімдігі.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құрылысшыларды мерекелерімен құттықтай отырып, өңірдің дамуына қосқан үлестерінің маңызына тоқталды.

Инфрақұрылым – кез келген аймақтың гүлденуінің басты негізі. Құрылысшылар жайлы әрі заманауи орта қалыптастырып, соның арқасында адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысады. Марапатқа ие болғандардың әрқайсысы – лайықты жандар. Сіздердің еңбекқорлықтарыңыз, адалдықтарыңыз және кәсіби біліктіліктеріңіз жоғары бағаланады, – деді облыс басшысы.

«Құрмет» орденімен «Семей жолдары» ЖШС бас директоры Ермұрат Шәріпов, «Востокстройгрупп» ЖШС жетекшісі Александр Кишко, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Ярус» ЖШС басшысы Талғат Байділдинов, «Жылы қыс» ЖШС директоры Генрих Винтер марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі «Алау» ЖШС директоры Ғалымтай Найзабековке, «Семстройпроект» жобалау-іздестіру институты» ЖШС құрылыс бөлімінің бас маманы Тамара Бычковаға табысталды.