×

Елдегі жаппай тәртіпсіздік: Қаза тапқан полицейлер мен әскерилердің отбасына пәтер беріледі

Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасылары баспанамен қамтылмақ

 Халық үні 11.01.2022 | 09:00
коллаж: halyq-uni.kz

Құрылысшылар одағы халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, осындай шешім қабылдады. Одақ еліміздің әрбір азаматы үшін осындай ауыр кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын толық қолдайды.

Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор және Құрылысшылар одағы бірлесіп, халықты террорлық шабуылдан қорғаймын деп жанын қиған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілтін тапсыратын болды. Қазір Құрылысшылар одағы Алматыдағы зардап шеккен нысандарды тазарту және қалпына келтіру ісіне белсене атсалысып жатыр.

Қазақстанда қалыптасқан қиын жағдайды ескере отырып, отандық бизнес өкілдерін Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырамыз, - делінген одақ үндеуінде.

Мемлекет басшысы қақтығыстар кезінде көз жұмған азаматтардың туған-туыстары мен отбасыларына көңіл айтқан болатын. Сондай-ақ ол қаскөйлікке барған адамдардың бәрі қатаң жазаланатынын жеткізген еді.

Атап өтсек, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шеруге еліміздің өзге өңірлері де қосылып, оның арты содырлардың ылаңына ұласты. Жағдай ушыққандықтан Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.

7 қаңтар күні ел аумағында террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі жарияланды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар мен күш құрылымдарының қызметкерлері мерт болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама