Halyq Uni логотип
×

«Малдың қырылуына министрлікке жалған ақпарат берген шенеуніктер кінәлі» - атыраулық шаруалар

Атыраулық шаруалар депутаттармен кездесті

 Айнұр Асылбекқызы 09.06.2022 | 10:21
«Малдың қырылуына министрлікке жалған ақпарат берген шенеуніктер кінәлі» - атыраулық шаруалар
Атыраудағы шаруалардың жиыны, фото: Halyq Uni

7 маусым күні Атырау аграрлы-техникалық колледжде облыстағы шаруагерлер жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және жергілікті депутаттармен дөңгелек үстелде кездесті. Кездесу жиынында облысқа бөлінетін субсидия көлемін көбейту, шабындық жерлерді жайылымға берер алдында зерттеу жүргізу, мал азығы мәселелері және мал өлімі үшін өтемақы талабы мен егістік алқаптарын қаптаған құрт көбелегінің малға зияны жайлы сауалдар төңірегінде сөз болды. 

Жиынға санаулы ғана депутат қатысты. Облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиев шаруагерлердің ұсынысын басқа да депутаттарға жеткізіп, сессияда қарауға құқығы бар екенін айтты.

Депутаттармен кездесуді ұйымдастырып беруді осыдан алты ай бұрын облыс басшылығынан сұраған «SHOPAN ATA» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғазиз Ғабдуллин өңір шаруагерлері үшін ауыл шаруашылығын дамытуға берілетін субсидия көлемін көбейтуді ұсынды. Айтуынша, қымбатшылыққа байланысты қойды асылдандыру субсидиясын 2500 теңгеден 5000 теңгеге дейін; сиырды асылдандыру үшін – 10 мыңнан 15 мыңға, асыл тұқымды малды өсіру субсидиясын 20 мыңнан 30 мыңға дейін; жем-шөпті сатып алуға субсидияны 21 мыңнан 30 мыңға дейін көбейту қажет. 

Себебі, бір орам (рулон) шөптің бағасы қазір 13-15 мың теңге тұрады. Шаруалар бір сиырға қыста 20 мың теңгенің бір рулоны жұмсалатынын айтады. Былтыр жем-шөп субсидиясы 16 желтоқсанда берілген. Биыл қазан айында беру жоспарланып отыр. Сол кездің өзінде шөп бағасы қымбат болады.    

Одан бөлек, шаруалр ақпан – наурыз айлары аралығында жаппай қырыла бастаған мал басы үшін өтемақы беруді сұрап отыр. 

Соның ішінде ең көп зардап шеккен «Ойтаң» шаруа қожалығының өкілі Айбар Ерекешов депутаттарға шаруагерлер атынан ұсыныс айтты.

Өткенде мал биттен, таскенеден қырылды, одан кейін қидан өлді деп жалған ақпарат беретін Исатай аудандық ветеринария бөлімінің маманы Аманжол Рахметовтың мәселесін қараңыздаршы. Сол жігітті жұмыстан босатыңыздар, - деді Ерекешов.

Содан соң, ол кездесуге қатысып отырған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Азамат Айтқалиевке қарата кезінде шаруагерлер мал өлімі жайлы дабыл қаққанда міз бақпағанның кесірінен шығынға ұшырап отырғанын және мал өліміне 50 пайыз кінәлі екенін бетіне басты. Бұл кезде әңгімеге Ғазиз Ғабдуллин араласты.

«26 наурызда мен Құрманғазы ауданына мал қырылып жатқанда барғанда, аудан әкімі Марат Мурзиев облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа «ауданда бәрі дұрыс» деп хат жазып отыр. Қасақана жалған ақпарат беріп отыр. Оны Қайрат Нұрлыбаев алды да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына «Құрманғазыда бір мал өліпті, төрт мал ауырыпты» деп шықты. Өтірік бәрі. Кім беріп отыр оны? Сіз сияқтылар беріп отыр. Мал өліміне Сіз (облыстық ветеринария басқармасы басшысы Азамат Айтқалиевке қарата - авт.) бен ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Рустам Идрисов екеуіңіз тікелей жауаптысыздар. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Немқұрайлысыздар», - деді Ғабдуллин.

Биыл 21 ақпанда Құрманғазы мәдениет үйінде сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың және ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандардың қатысуымен шаруагерлердің жиыны өтті. Сонда шаруалар мал өлімі жайлы дабыл қаққан болатын. Шаруагерлер сол кезде әкімнен бастап маманға дейін ешкім мұны елемегеніне күйініп отыр.

«Ойтаң» шаруа қожалығының өкілі Айбар Ерекешовтың бүгінде 450 асыл тұқымды қойы мен 272 ірі қара малы өлген. Ең төменгі бағамен есептегенде ол 40 млн теңгеге шығынға ұшырап отыр. 

«Облыстағы мал өлімі бойынша ең үлкен шығынға ұшыраған менің қожалығым. Үш ай шырылдағаннан кейін ресми түрде 272 бас қой малы мен 12 бас сиыр малын өлді деп тіркеді. Ал менің мал өлген күннен бастап есептегенім – 450 бас асыл тұқымды қой кетті. Бұл - бір қожалық. Ал шығынға ұшыраған мен сияқты қожалықтар қаншама. Көбі қазақшылықпен «құрсыншы» деп басылып қалып жатыр. Мүмкіндік жоқ мал өсіруге. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға төлейтін несиенің уақыты келіп отыр. Бұл бәлен жылдан бері алған несие. Алған несиемізді төлей алмай жатырмыз. Субсидия көбейсе, мемлекеттен берілетін қолдауды сезінсек, несие төлеуге бір жеңілдік болар еді», - деді Ерекешов.

Осыдан соң Ғабдуллин облыстағы ауыл шаруашылығына жауаптылардың ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмауынан, соның ішінде ветеринария мамандарының біліксіздігінен мал шаруашылығының дамуына нұқсат келіп отырғанын меңзеді.

Бұған Әлібек Нәутиев ветеринария саласындағы мамандардың бәрі зейнетке шыққанын және маман жетіспейтінін мойындады.

«Бұл салада маман даярлау қажет. Маман келмей жатыр. Өз ойым, болашақта үш шаруа қожалығы бірігіп, бір маманды оқытып ала аласыздар. Енді «мемлекет» деген сөзді ұмытуымыз керек (мемлекетке иек артпай, бәсекелестік ортаны қалыптастыруды деген ойы болар - авт). Бұл жеке ойым», - деді Наутиев.

Кездесу барысында шаруаларды алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – қаптаған құрт көбелегі. Оларды бұл зиянкестің малға қандай қаупі бар, малды қанша күн қорада қамау керек, неше күннен соң жаюға болады, арнайы зерттеу жүргізілді ме деген сұрақ мазалады. Облыстық ветеринария басқамасының басшысы Азамат Айтқалиевтан арнайы зерттеу жүргізілмегені белгілі болды.

Ал, өзін фитосанитария маманымын деп таныстырған жиын қатысушысы Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлерін қаптаған құрт көбелектерінің малға да, адамға да зияны ғылыми практикада тіркелмегенін айтты. Осы кезде Ғазиз Ғабдуллин оның сөзін іліп әкетті.

«Осыдан екі жыл бұрын Исатай ауданында зиянкестерді улаған соң мал қырылып қалды. 500 жылқысы бар шаруагерлер есігін құлыптап, жауып кеткен үйлер бар. Солар дабыл қағып жатыр. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, қазір шашып жатқан у малға, өзімізге зияны тиюі мүмкін. Мал қырылып қалу мүмкін. Енді у шашқан кезде малын 2-4 күн қамап отыра алмайды ғой. Ал у шашқан жерге бір ай мал бармау керек дейді. Осыны да ойлап қою керек», - деді Ғабдуллин.

Нұрлыбаев Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы егістік жерлерімен бірге қазір Қызылқоға ауданында да құрт көбелегін улау жұмыстары басталғалы отырғанын хабарлады. Одан бөлек, Құрманғазы ауданында итальяндық прус шегірткесін улау жұмыстары да жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Бірінші егінді аман алып қалайық деп отырмыз. Жайылымдық жерлерді улауды кейін бастаймыз, - деді Нұрлыбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама