Мырзағали Айтжанов бастаған бокс бапкерлері түгел орындарын босатты
Қазақстан бокс федерациясының шешімі мақұлданды
Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды Halyq Uni Бокс федерациясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.
«Федерация мәліметінше, Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізілген. Соның нәтижесінде бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды, - делінген хабарламада.
Осылайша, мынадай өзгерістер болды:
- Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды;
- Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылады.
Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарын 7 медальмен аяқтаған болатын. Ел қоржынындағы жалғыз алтынды дзюдошы Елдос Сметов еншіледі.
Сондай-ақ қазақстандықтар 3 күміс медаль алды. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді.
Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеуден аралас командалық жарыс) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.