Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында имамдар білімін арттырды

Жоба қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған

 Дәурен Ерболат 14.08.2024 | 18:39
Жетісу облысында имамдар білімін арттырды
Фото: «Қарызсыз қоғам»

Жетісу облысында имамдар курстан өтіп, қаржылық сауатын арттырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыстық Дін істері басқармасы имамдардың біліктілігін арттыру курсының тізіміне «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын да қосқан. Оның аясында өңірдегі 43 имам бес күн дәріс тыңдап, білімін шыңдады.

Қаржылық сарапшы Зәмзәгүл Сламбекова дін қызметкерлері ақша үнемдеуге үйренгенін айтты.

Дін бойынша несие, депозит секілді пайыздық өсімі бар істерге рұқсат берілмейді. Осылайша, имамдар табысын тек мал шаруашылығына салады. Қаржылық сауаттың ең басты алғы шарты – барлық кіріс-шығысты санап, артық шығынды қысқарту. Алайда имамдардың ресми жалақысы – 50 мың теңге. Бұл да өзекті мәселе. Сондықтан имамдарға қаржылық стратегияны көрсетіп, табыстың 30%-ын резервке қою, 60%-ын күнкөріске жұмсау, 10%-ын инвестицияға жұмсауды үйреттік, - деді қаржылық сарапшы.

Алакөл ауданы Бескөл мешітінің имамы Қанағат Төкейұлы жиындарда қарыздан құтылудың нақты жолдары туралы бағыт-бағдар бере алатынын айтты.

«Қазір халықтың көпшілігі шамадан тыс несие құрсауында. Салдарынан қаншама отбасы ойран болды. Пайызға ақша алудың харам екенін мешітке келушілердің көпшілігі біледі, намазға жаңа келгендер де қарызда береке болмайтынын ұғынып, ертерек қарызынан құтылуға әрекет жасайды.

Бұған дейін қарыздың дұрыс емесін, ысырап жасамауды, үнемдеуді шариғатпен сабақтастырып жеткізсек, осы семинардан кейін халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды екенін ұғындық. Қарызы бар адамдарға банктің пайызы, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, банкроттық рәсімдеудің нақты жолын айта алатындай білім алдық», - деді имам.

«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева аталған бағдарлама аясында қазақстандықтар жаңа дағдыға ие болғанын атап өтті.

«Жобамыздың арқасында адамдар ақшаны басқаруды үйренді. Біз қаржылық сын-қатерді азайту үшін қажет білім мен құралдарды ұсынамыз және әрбір азаматтың экономикалық әл-ауқатын арттыруға тырысамыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама