Биыл Астанада бірінші сыныпқа қанша бала барады
Қалада неше жаңа мектеп ашылатыны да белгілі болды
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, оқу жылының басында елордада 282 150 оқушы оқитын 187 мектеп болады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның ішінде 110 мектеп – мемлекеттік (233 006 бала), 70 мектеп – жекеменшік (42 674 бала) және 7 республикалық мектеп (6 470 бала), деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.
Спикердің айтуынша, жаңа 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныбына 28 мың баланы қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 24 100 бала қабылданды.
Оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымдық және бала саны шамадын тыс 16 мектеп болды. Мектептердегі орын тапшылық 27 800 мың оқушы орнын құрады. Осы мәселені шешу үшін биыл бір ауысымда 49 790 мың орынға арналған 32 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бір ауысымда 30 290 мың орынға есептелген 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді ол
Қыркүйекте бір ауысымда 15 850 мың орынға арналған 12 мектеп пайдалануға беріледі (3 – БИП, 8 – жайлы мектеп, 1 – жекеменшік мектеп). Желтоқсанда бір ауысымда 14 440 орындыққа арналған қосымша 9 мектеп (7 – жайлы мектеп, 2 – жекеменшік мектептер) пайдалануға беріледі.
Осылайша, биыл жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын 6 мектептің, бала саны шамадан тыс 9 мектептің мәселесі шешілді. Ал үш ауысымда оқитын 2 мектептің және бала саны шамадан тыс 7 мектептің орын тапшылығы мәселесі 2025 жылы шешіледі.
Әділбаевтың дерегінше, жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың орындық 24 мектеп салынады, оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады.
«2024 жылы барлығы 33 білім беру нысанында жөндеу жұмысы жүргізілді. Оның ішінде 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, 31 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінгі таңда 25 білім мекемесінде барлық жұмыс аяқталды, қалған 8 мекеме жұмыстары 25-ші тамызға дейін аяқталады», – деді ведомство өкілі.