Жүйеде жұмыссыздардың саны көбейген
Бүгінде елордада 339,5 мың тұрғын жарна аудармай жүр. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол қазақстандықтарды МӘМС жүйесіне тіркеу өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.
Қазір Астанада (МӘМС-те) сақтандырылмаған 339 530 адам бар – 23%. 12,5 мың адам Е санаты (шұғыл деңгей), 44,5 мың адам Д санаты (дағдарыстық деңгей) бойынша сақтандырылмаған. Біз осы екі санаттың әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Тізімді тиісті мемлекеттік органдарға береміз. Нәтижесінде оларды жұмысқа тұрғызу, жұмыссыз ретінде тіркеу және тағы басқа іс-шаралар жүргізіледі, - деді Әлия Рүстемова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өткен қоғамдық тыңдауда.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын (жүйеге) тіркелген жұмыссыздардың саны артып жатыр.
Өтініш берген азаматтардың басым бөлігі жұмыссыз ретінде тіркеліп, МӘМС жүйесі арқылы қандай да бір медициналық қызметті алғысы келеді. Сондықтан еңбек нарығын тұрақтандыру үшін жұмыссыз азаматтарды жеңілдік санатынан мүлдем алып тастауды ұсынып отырмыз, - деді ол.