Олардың кейбірі бір қылмысты бірнеше рет қайталап жасаған
Батыс Қазақстан облысында 103 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін істі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстан заңнамасында көлікті мас күйінде айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін 20 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі әкімшілік жаза көрсетілген, деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
Көліктерді басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (уытқұмарлық) масаңдық жағдайында болған адамның көлікті жүргізгені үшін, сондай-ақ көлікті айдауды мұндай адамға беру немесе мұндай адамға көлікті тізгіндеуге рұқсат беру өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауапкершілікті көздейді, – деп қосты ведомство.
Оқиғаларды талдау жүргізушілердің заңнан ауытқуы қасақана жасалғанын көрсетеді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға, ескертулерге қарамастан жүргізушілердің заңсыз әрекеттері тоқтамай отыр.
Биыл 103 жүргізуші сотталды. Олар жүргізуші куәлігінен айыру туралы сот шешіміне қарамастан мас күйінде қайтадан рөлге отырған.
Мысалы, «И» азаматы мас күйінде көлік басқарғаны үшін алынбаған және өтелмеген соттылығы кезеңінде көлікті мас күйінде қайта жүргізген. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындамай, көлік айдамағанына сендіруге тырысты. Алайда мемлекеттік айыптаушының принципті ұстанымы және сотқа ұсынған сотталушының кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас дәлелдер (фото және бейнетіркеу) айыптау үкімін шығаруға ықпал етті. Нәтижесінде сот оны кінәлі деп тауып, көліктерді тізгіндеу құқығынан өмір бойына айыру және жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, – деді қадағалаушы орган.
Мас жүргізуші өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да қауіпті, деп ескертті мамандар.