Қазақстандағы мектептердің 88%-ы инклюзивті білім беруге жағдай жасады

Қымбат Елтайқызы

Негізгі мақсат – мүгедектігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыру

фото: Halyq Uni

Еліміздегі мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда мектептердің 88%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған.

Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін қолдау көрсету кабинеттері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді.

Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде 60 мың бала қажетті психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл әрбір баланың сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін жасалған маңызды қадам, – деді Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева.

Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектептердің басты міндеті – әр балаға жеке қолдау көрсете отырып, бірегей қабілеттерін дамытуға әрі әлеуметтік сын-тегеуріндерге төзімділік танытуға көмектесу.