Судың бағасын заңсыз көтерген мекеме директоры жауапқа тартылды

Динара Амантай

Тұрғындар үшін тариф төмендетілді

Фото: Halyq Uni

Павлодар облысының прокурорлары коммуналдық қызметтер тарифін заңсыз көтеру фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Ақтоғай СУ» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мемлекет бөлген субсидияларға қарамастан, сумен жабдықтау қызметтеріне 1 текше метрге 201,75 теңге мөлшерінде артық тарифті негізсіз белгілеген. Сонымен қатар, кәсіпорын төлем мерзімін қысқартып, оны бұзғаны үшін өсімпұл мөлшерін 2,2%-ға өсірді. Алайда, сумен жабдықтау қызметтерін көрсету жөніндегі үлгілік шартқа сәйкес, өсімпұл мөлшері әрбір кешіктірілген күн үшін 0,1%-дан аспауға тиіс.

Бұл мән-жайлар 17 кәсіпкердің және 1381 жеке тұлғаның құқығына әсер етті.

Прокуратураның қадағалау актісімен кәсіпорын белгілеген сумен жабдықтау қызметтеріне тариф заңды тұлғалар үшін 190 теңгеге және жеке тұлғалар үшін 150 теңгеге дейін төмендетілді. Төлем мерзімдері сәйкестендіріліп, өсімпұл мөлшері 0,1%-ға дейін төмендетілді. Кәсіпорынға 590 720 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, кәсіпорын директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.