×

Алматыда сүт өнімдерін шығаратын зауытта жұмысшылар уланып қалды

Техникалық ақау шығып, 500 грамм аммиак төгілген

 Еркеғали Болатұлы 09.06.2022 | 09:48
фото: el.kz

Алматыдағы балмұздақ және сүт өнімдерін шығаратын зауытта аммиак төгіліп, жұмысшылар уланып қалды. 5 адам дереу ауруханаға жеткізілген.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, дәрігерлер 26, 46 және 38 жастағы үш науқастың хәлін ауыр деп бағалаған. Үшеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.

Жағдайы тұрақты болуына байланысты 5 науқастың біреуі стационарлық емнен бас тартты. Қалған 4 науқастың үшеуі реанимация бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр. Қалған бір науқас таксикиология бөлімінде. Жағдайы орташа, - деді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Омаров.

Оқыс жағдай балмұздақты буып-түю кезінде болған. Техникалық ақау шығып, 500 грамм аммиак төгілген. Сол сәтте іште 60-қа жуық жұмысшы болған. Барлығы дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Бірақ 5 қызметкердің жағдайы нашарлапты.

Зауыт басшылары қазір оқыс жағдайдың себеп-салдарын анықтауға кіріскен. Әрі олар зардап шеккен жұмысшыларына 500 мың теңге көлемінде өтемақы төлемек.

«Алдын ала қорытынды бойынша мұздатқыш целиндрдің резинкалық тығыздағышындағы ахауынан осындай жағдай болып отыр. Құзырлы мемлекеттік органдардың тексеруіне көмектесуге дайынбыз және осы оқиға болған кездегі бүкіл ауысымдағы қызметкерлер толығымен медициналық тексеруден өткізіледі. Кешегі ауысымда дайындалған өнімдер сатылымнан қайтарылады», - деді компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Бейбіт Құрманбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама