Halyq Uni логотип
×

Мүгедектікті белгілеу бойынша сараптама жүйесі жеңілдетілді

Бірқатар өзгеріс енгізілді

 Қымбат Елтайқызы 13.08.2024 | 18:10
Мүгедектікті белгілеу бойынша сараптама жүйесі жеңілдетілді
фото: Halyq Uni

Мүгедектікті белгілеу бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі жеңілдетілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде мүгедектікті белгілеу бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді.

2023 жылы азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдарға медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жүйесіндегі анықталған кемшіліктерді жою тапсырылды. Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолдаманы күндізгі форматта толтыру үшін міндетті тексерулер мен объективті деректердің тізбесін әзірледі, – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.

Бұған дейін мұндай тізбенің болмауы МӘС мамандары қабылдаған шешімдердің сапасы мен анықтығына теріс әсер етті. Себебі пациенттер көбіне олардың функционалдық жағдайын көрсететін қажетті зерттеулердің нәтижелерінсіз жіберілетін. Салдарынан мүгедектікті белгілеу бойынша мұндай өтініштер кері қайтарылып отырған. Жаңа тізбедегі ауру санаттары Қазақстанда қолданылып жүрген 10-қайта қаралған аурулардың халықаралық статистикалық жіктемесінің номенклатурасымен (АХЖ-10) сәйкестендірілген.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері арасында техникалық интеграция жолға қойылды. Бұл қажетті құжаттар мен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесіне қағаз нұсқаларын сканерлемей-ақ цифрлық форматта беруге мүмкіндік берді. Мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру мақсатында №031/у («Медициналық-әлеуметтік сараптамаға қорытынды») және №033/у («Науқасты/мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігі») медициналық формаларын біріктіру бойынша шаралар қабылданды.

Сондай-ақ мүгедектікті белгілеу үшін медициналық құжаттарды (сырттай, проактивті және күндізгі форматтар) «электрондық үкімет» шлюзі арқылы цифрлық түрде қабылдау мүмкіндігі пайда болды. Жіберілген медициналық құжаттарды тексеру барысы және өтініш берушінің күндізгі куәландыруға келуі туралы пациенттер мен дәрігерлерге SMS-хабарлама іске қосылды, – деп қосты палата.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар бойынша деректер оңалтудың жеке бағдарламаларын одан әрі орындау және мемлекеттік жәрдемақыларды проактивті тағайындау үшін медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне автоматты түрде жіберіледі. Бүгінде тиісті пилоттық жобаға мына 5 ұйым қатысып отыр:

  • «ДАМУ» АТО» ЖШС;
  • «Жетісу» ЖШС;
  • «Надежда» ЖШС;
  • «Infomed Kazakhstan» ЖШС;
  • «Авиценна» ЖШС.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама