Есірткінің қара нарықтағы құны – 300 млн теңге
Алматы облысында полиция әуеден барлау жүргізу барысында голланд қарасорасы егілген алқапты анықтады, деп хабарлады Halyq Uni.
Облыстық ПД дерегінше, биыл 27 шілдеде өңірде «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде қарасора егілген алқап табылған.
Есірткі плантациясы Балқаш көліндегі аралдардың бірінде болған. Сараптама тәркіленген 6 122 бұта жалпы салмағы 2 тонна 740 келі болатын голланд каннабисі екенін растады, - деді облыстық ПД басшысы Бауыржан Әленов.
Сондай-ақ аралда шатыр, тегіс ұңғылы қару, оқ-дәрі, 2 қап тыңайтқыш, қарасораны қалай суару және өңдеу керегі туралы жазылған дәптер табылды.
Құрамында есірткісі бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер іздестіріліп жатыр, - деді басқарма басшысы.
Анықталған голланд қарасорасының қара нарықтағы жалпы құны – шамамен 300 млн теңге. Полиция марихуананың 50 мыңнан аса бір реттік дозасын заңсыз айналымға жібермеді.