×

Алматыда жасыл желектерді биологиялық өңдеудің төртінші кезеңі басталады (ФОТО)

Бұл кезең бір айға созылады

 Қымбат Елтайқызы 13.08.2024 | 17:28
фото: Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы

Алматыда жасыл желектерді жыл сайынғы биологиялық өңдеудің төртінші кезеңі басталады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жыл сайын экология және қоршаған орта басқармасы биологиялық өңдеуді төрт кезеңде жүргізеді. Алғашқы үш кезең осы жылдың мамырынан шілдесіне дейін өтті. Төртінші кезең бір айға созылады, күн ашық кезде өңделеді, деп мәлімдеді Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы.

«Ағаштың жағдайын жақсарту, сақтау мен әртүрлі зиянды организмге төзімділігін арттыру үшін Алматы қаласында жасыл желектерді биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақсы әсер ету мен тиімділікті арттыру үшін бұл түнгі уақытта, жауын-шашын жоқ кезде сағат 23:00-ден 05:00-ге дейін жүргізіледі», – деп қосты ведомство.

Бұл жұмысқа климаттық факторды ескере отырып, ел аумағында қолдануға рұқсат етілген және адамға, құс пен жануарға зиянсыз, қаупі аз сертификатталған биологиялық және кейбір жағдайда химиялық препараттар (П-4) пайдаланылады.

Жалпы, жапырақ жейтін зиянкестер мен саңырауқұлақ ауруларының қоздырғыштарына қарсы 2,3 миллионнан астам ағаш өңдеу жоспарланған. Зиянкестер және аурулардың биологиясының ерекшеліктеріне сүйене отырып, өңдеу түнде әрі таңғы уақытта жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама