«Үркер» журналистер байқауына өтінімдер қабылдана бастады

Қымбат Елтайқызы

Барлығы 12 аталым бекітілген

фото: Halyq Uni

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» – 2024 ұлттық бәйгесіне өтінімдер қабылдана бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа мен интернет-басылымдар байқауға қатыса алады, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Өтінімдер 2024 жылдың 13 тамызынан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Конкурстық жұмыстар 2023 жылдың 7 тамызы мен 2024 жылдың 11 тамызы аралығында республикалық, өңірлік, халықаралық баспа және интернет-басылымдарда жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады.

Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:

  1. Жылдың үздік сұхбаты;
  2. Жылдың үздік репортажы;
  3. Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал;
  4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
  5. Жылдың үздік аналитикалық материалы;
  6. Радиостанциядағы үздік жоба;
  7. Жылдың үздік фотосуреті;
  8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
  9. Үздік өңірлік БАҚ;
  10. Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал;
  11. Үздік подкаст;
  12. Үздік YouTube каналы.

Жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.

Конкурс қорытындысы бойынша әр номинация жеңімпазына «Үркер» – 2024 естелік мүсіншесі және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.

Urker баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Ол аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.