«Үркер» журналистер байқауына өтінімдер қабылдана бастады
Барлығы 12 аталым бекітілген
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» – 2024 ұлттық бәйгесіне өтінімдер қабылдана бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа мен интернет-басылымдар байқауға қатыса алады, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Өтінімдер 2024 жылдың 13 тамызынан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Конкурстық жұмыстар 2023 жылдың 7 тамызы мен 2024 жылдың 11 тамызы аралығында республикалық, өңірлік, халықаралық баспа және интернет-басылымдарда жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады.
Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:
- Жылдың үздік сұхбаты;
- Жылдың үздік репортажы;
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал;
- Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
- Жылдың үздік аналитикалық материалы;
- Радиостанциядағы үздік жоба;
- Жылдың үздік фотосуреті;
- Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
- Үздік өңірлік БАҚ;
- Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал;
- Үздік подкаст;
- Үздік YouTube каналы.
Жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Конкурс қорытындысы бойынша әр номинация жеңімпазына «Үркер» – 2024 естелік мүсіншесі және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
Urker баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Ол аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.