Антикор тәртіп сақшыларына қатысты тергеу жүргізіп жатыр
Жамбыл облысында полиция қызметкерінің арандатуымен сотталған ер адам ақталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Есірткі сақтағаны үшін сотталған ер адамның қорғаушысы оның айыбымен келіспей, прокуратураға арызданған. Ол арызында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері тарапынан арандатушылық әрекеті болғанын айтқан.
Істі зерделей келе, полицей бастапқыда ер адамды синтетикалық есірткіні бірге қолдануға көндіріп, оның сеніміне кіру арқылы синтетикалық заттарды сатып алуға ақша бергені анықталды. Кейін ол әріптесімен бірге жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп, сотталғанды психотропты затты сату барысында ұстаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қолжазба сараптамасына сәйкес, ЖТӘ туралы бұйрықта тергеушінің қолы жалған екені анықталды.
Заң нормалары анық бұзылуына байланысты бас прокурор Жоғарғы сотқа наразылық енгізді. Қарау қорытындысы бойынша аталған сот полицейлердің әрекетін арандатушылық деп танып, сотталғанды ақтап, сот актілерінің күшін жойды, – делінген хабарламада.
Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қызмет полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.