Ақмола облысында жауған бұршақ бір ауылдың 200-дей үйіне зақым келтірген (ФОТО, ВИДЕО)

Ербол Тұрымбет

Ауыл тұрғындары төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 8-9 тамыз күндері жауған жаңбыр мен бұршақ Қараөткел аулына жаппай зақым келтірген. Ауылдағы 3600-ден астам үйден бүгінде жергілікті әкімдікке табиғи апат зардабы үшін өтемақы төлетуге 186 үйден өтініш түскен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ауыл тұрғыны Аманкелді Сәдуақасовтың айтуынша, үй шатырының 80%-ы жарамсыз күйде. Ішке су ағып, төбесінің 80%-ының балшығы түскен. Екі күндік жауыннан су тоқтамай сорғалап ағуына байланысты үйдің едені, жиһаздары ісіне бастаған, дүние-мүлкі бүлінген.

Тек шатырды жасату бойынша маркетингтік зерттеу жасап көрдім. Мысалы, үйімнің төбесі 165 шаршы метр. Оның жұмысының өзіне 495 мың теңге кетейін деп тұр. Материалына 730 мыңдай кетеді. Бәрін қосқанда 1 200 мыңның үстіне шығады. Ондай қаражат дәл қазір менде жоқ. Ал енді үй ішінің төбесі, едені, қабырғаларын қоспағанның өзінде осындай шығынға батып отырмын, – дейді ол.

Өзге үйлер де дәл осындай жағдайда әрі киім-кешегі мен төсек-орны бүлінген. Ауыл тұрғыны Сәуле Қаңтарбаева үй төбесін биыл ғана ашып, майысқан ағаштарын жөндеп бастаған беті екен. Алайда әуелде жаңбыр астында қалып, кейін дауылға тап болған. Күйеуінің қайтқанына 7 жылдан асқан, қолында 1 топтағы мүгедек қызы бар. Жағдайының ауырлығына қарамастан несие алып, үйін жөндеп алмақ болғанда осындай қиындыққа ұшырап отыр. Қазір үйдің төбесі де, едені де ашық күйінде, одан қалды, бөлме арасындағы гипсокартон қабырғасы дауылдан құлап қалған.

Тағы бір ауыл тұрғыны Ақжан Асубаеваның үй шатырының 75%-ы жарамай қалған. Шатырдан өткен су үй ішінің төбе қабырғасын түгел жарамсыз еткен. Жауын суы үй қабырғасын тесіп, лай ішке аққан.

Ауыл әкімі Талаптан Дауылтаевтың сөзінше, қазір төтенше жағдай мен әкімдік өкілдері, ауыл белсенділерінен құралған комиссия құрылып, әр үй қаралып жатыр. Комиссия үйлердің қандай жағдайға түскенін қарап, хатқа толтырып, ауданға жібермек.

Су тасқыны кезінде осылай акт толтырылып, зардап шеккен тұрғындарға аудан тарапынан қаржылай өтемақы төленді. Қазіргі жағдай бойынша да қандай шешім шығаратынын аудын әкімдігі айтады. Талапкер, Қоянды ауылдарынан да осындай шағым түссе, бәлкім жарияланып та қалар, – дейді ауыл әкімі.

Қаражол аулында 3650-дей үй болса, соның 186-сы өтемақыға өтініш берген. Қаражол ауылдық округіне кіретін Қаражар аулында да 48 үй осындай жағдайға тап болған. Ауыл тұрғындары енді ауа райының болжамы бойынша ай соңына дейін жауын болатынынан қорқып отыр.