«Ипотека алып беремін». Астанада алаяқ әйел ұсталды

Дәурен Ерболат

Күдіктінің үстінен арызданғандар көп

Фото: Halyq Uni

Елордада полиция тұрғындарды сан соқтырған алаяқ әйелді ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицейлер «мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотека алып беремін» деп тұрғындарды алдаған астаналық әйелді анықтады. Ол 25 эпизод бойынша алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Жәбірленушілер келісімшартсыз күдіктінің банк картасына ақша аударған.

Күдіктінің үстінен полицияға 44 жастағы елорда тұрғыны арыз түсірді. Әйел «ипотекаға баспана алып беремін» деп одан 2 млн теңге сұраған, - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті істеген әрекетін мойындады. Ол ақшаны жеке мақсатына жұмсаған.