Halyq Uni логотип
×

Министрлік не үшін 3 күндік әлеуметтік демалыс алу керектігін түсіндірді

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді

 Халық үні 11.08.2024 | 20:45
Министрлік не үшін 3 күндік әлеуметтік демалыс алу керектігін түсіндірді
фото: florcvet.ru

Әлеуметтік демалыстың еңбек демалысына қатысы жоқ, ол бөлек беріледі. Ол демалыс емханада скрининг өтуге арналған, деп хабарлайды Halyq Uni Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Еңбек кодексінде не айтылған?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қызметкерлерге әлеуметтік демалыс Еңбек кодексінің 87-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес беріледі.

Қызметкерлерге (өзге де әлеуметтік демалыстардан басқа) бір жыл ішінде 3 жұмыс күнінен аспайтын мөлшерде скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс, сондай-ақ жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке тұру үшін кемінде 3 жұмыс күні көлемінде демалыс беріледі, — деп хабарлады министрлік.

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен жұмыс орнын (лауазымын), орташа жалақысын сақтай отырып, қызметкерге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Кім және қашан скринингтен өтуі керек?

Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыстың тәртібі мен көлемін айқындау «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекспен регламенттеледі.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.

Скринингтік зерттеулер халықтың нысаналы топтары арасында ауруларды ерте анықтау және аурулардың дамуын, аурулардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын болдырмау, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында жүргізіледі. Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтары уәкілетті орган айқындайтын осы зерттеулерді жүргізу тәртібі, көлемі және кезеңділігі бойынша скринингтік зерттеулерден өтуге тиіс, - деп атап өтті министрлік өкілдері.

Еске сала кетсек, белгілі бір жасқа толған қазақстандықтар үшін онкоскринингтің 3 түрі бар:

  • сүт безі қатерлі ісігінің скринингі (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет);
  • жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет);
  • колоректальды қатерлі ісікке скрининг (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, 2 жылда 1 рет).

Сондай-ақ қан айналымы жүйесінің негізгі аурулары (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы), қант диабеті, глаукома, сондай-ақ қауіп тобындағы адамдарда созылмалы В және С гепатиті бойынша скрининг бар.

Скринингтен өту үшін тұрғылықты жері (тіркелген жері) бойынша емханаға жүгіну қажет. Әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында скринингтік кабинеттер бар. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек.

Әлеуметтік демалыс қалай рәсімделеді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қызметкер әлеуметтік демалысты рәсімдеу үшін қандай құжаттар керектігін айтты.

ҚР Еңбек кодексінде қызметкердің скринингтік зерттеулерден өткенін растайтын құжаттарды ұсыну міндеті регламенттелмегендіктен, құжаттарды қызметкер өз еркімен ұсынған жағдайларды қоспағанда, бұл демалыс қызметкердің өтініші негізінде берілуге тиіс деп есептейміз (бұл дербес деректер туралы заңнаманы сақтау қажеттілігінен туындады), – деп түсіндірді министрліктен.

Егер жұмыс беруші қызметкерді скринингке жібермесе не істеу керек?

Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша, егер жұмыс беруші қызметкерге скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, қызметкер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне жүгінуге құқылы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама