FlyArystan басшысы рейске жіберілмеген қыздың анасымен кездесті
Жасөспірім әуежайда жалғыз қалып қойған болатын
FlyArystan басшысы Оралда 12 жасар қыздың анасы Жазира Мусинамен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгін FlyArystan әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жасар Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып келді.
Тараптар болған жағдайдың себептерін егжей-тегжей талқылады. FlyArystan әуе компаниясының ресми өкілі қыздың отбасынан кешірім сұрады. Кездесуде Көлік министрлігінің қызметкерлері де болды, – деп қосты ведомство.
Әуе компаниясы кездесу нәтижесімен және қабылдаған шешімдерімен қосымша бөлісетінін жеткізді.
Айта кетсек, қазақстандық Жазира Мусина 20 шілдеде оның егіз қызы Америкадан елге оралғанын жазды. Олар басқа балалармен бірге сенімхат берілген адамның қарауымен Астана арқылы Оралға ұшуға тиіс болған. Айтуынша, FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлері егіздердің тек бір сыңарын тіркеп, екіншісін тіркемеген. Балаға жауапты адамға техникалық себептерге байланысты қызды кейін тіркейтінін, бортқа өздері отырғызатынын айтып сендірген. Алайда, жас жеткіншек елорда әуежайында жалғыз өзі ересектердің қарауынсыз қалып кеткен.
Бұған дейін әуе компаниясының осы жағдайға қатысты тексеріліп, жазаланатыны жайлы жазған едік.