Барлық өңірде қызықты экологиялық челлендж басталды
Ол эко әдеттерді қалыптастыруға бағытталған
Еліміздің барлық өңірінде жыл сайын ұйымдастырылатын «10 жасыл күн» атты республикалық челлендж басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталған челленджді Birgemiz: Taza Alem жобасына қарасты «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік жалпыұлттық қоры Тaza Alem мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциялары аясында ұйымдастырып отыр, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
«10 жасыл күн» атты челлендж аясында 10 күнде 10 эко әдет қалыптастыру жоспарланған. Оның ішінде «Эко сөмке уақыты», «Жаяу жүріңіз», «Энергия үнемдейтін шам», «Су үнемдеу», «Қоқыс сұрыптау» мен тағы басқа бағыттар қарастырылған, – деп қосты ведомство.
Челлендждің негізгі мақсаты – азаматтардың экология саласына, оның ішінде қоршаған ортаны қорғаудағы волонтерлік қызметке қатысуға деген қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ табиғаттағы тазалықтың сақталуын қамтамасыз ету және елді мекендерді абаттандыруға бағыттау.
Қатысушылар #10ZHASYLKÚN челлендж хэштегтерін қолдана отырып, әлеуметтік желілерде «10 жасыл күн» тақырыбындағы фотосуреттерін немесе бейнелерін бөлісуі әрі @birgemiz_taza_alem2022 ұйымдастырушылар парақшасын белгілеуі қажет.