×

Чехияда қазақтардың көшпелі мәдениеті туралы көрме ашылды

Көрме атауы – «Уақыт керуені» 

 Қымбат Елтайқызы 11.08.2024 | 11:57
фото: ҚР СІМ

Прага қаласының музейінде Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі коллекциясының жәдігерлерінен ұсынылған «Уақыт керуені» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл мәдени жоба екі ел халықтарын жақындастыратын кезекті қадам болды. Сондай-ақ қазақ дипломаттары шетелдіктерді 2024 жылғы 8-13 қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы хабардар етіп, көшпенділердің дәстүрлері мен мәдениетін өз көзімен көру үшін осы ерекше іс-шараға қатысуға шақырды, деп мәлімдеді СІМ.

Іс-шарада қазақтың танымал халық әндері орындалып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды, – деп қосты Сыртқы істер министрлігі.

31 тамызға дейін жалғасатын көрмеде Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қорынан 220-дан астам экспонат ұсынылған. Экспозиция негізінде қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, салт-дәстүрлері, қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілер, қазақ халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірі жайлы баяндайтын фотосуреттер бар.

Бұл көрме арқылы Чехия астанасының тұрғындары мен қонақтары көшпелі қазақтардың тарихы әрі мәдениетімен, атап айтқанда дәстүрлері, тұрмысы, философиясы және дүниетанымымен таныса алады. «Уақыт керуені» көрмесі Қазақстан мен Чехияның мәдениетаралық диалогын жалғастырып, келушілерді Ұлы даланың көшпелі өркениетінің бай мұрасына жақындатады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама