Halyq Uni логотип
×

Магистратура емтиханында 150-ге жуық адам ереже бұзған

Көбі шпаргалка қолданбақ болған

 Қымбат Елтайқызы 11.08.2024 | 10:43
Магистратура емтиханында 150-ге жуық адам ереже бұзған
фото: Halyq Uni

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тестілеуді 39 мыңнан астам адам тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 75 балл. Ең жоғары балл – 132, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Тестілеу қорытындысы бойынша 149 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 101 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кешенді тестілеуге кіргізудің үш деңгейлі жүйесінің арқасында 3 бөгде тұлға анықталды. Сондай-ақ, тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 4 адамның балы жойылды. Атап өтсек, ереже бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы – 281) шамамен екі есе азайды, – деп қосты ведомство.

154 білім беру бағдарламалары тобы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға 16 мыңнан астам өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 15 мыңнан астам, техникалық себептерге байланысты 902 өтініш түсті. Апелляциялық комиссияның шешімімен 152 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 125, техникалық себептерге байланысты – 27 тапсырма.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Магистратурада оқуға 13 мың грант бөлінді. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады, – деді министрлік.

Грант конкурсына қатысу үшін үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы), КТ сертификаты, халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). Құжаттарды оқу орнына қабылдау комиссияларына офлайн, сондай-ақ виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн тапсыруға болады.

Ал «Болашақ» магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама