Ол 5 күн бойы өтеді
Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 15 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тестілеуге қатысу үшін 21 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 69 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді, деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығы.
Ұлттық бірыңғай тестулеуді өткізудің бірінші күні 5,7 мың адам емтихан тапсырады, – деп толықтырды ведомство.
Тамыздағы ҰБТ белгіленген шекті балл жинай алмаған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін тестілеу нәтижелері бар, ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін пункті, күнді және уақытты өздері таңдады.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Тамызда өтетін ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында 20-30 шілде аралығында жүргізілді.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
2024 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша белгіленген шекті балл жинай алмаған, тестілеу нәтижесі жойылған, бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2025 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.