Екі өңірдегі электр пойыздарының 100-ден аса машинисіне үстемақы төлеу міндеттелді
Жұмысшылар сотқа жүгінген
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жұмыс берушіні зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін екі өңірдегі электр пойыздарының 113 машинисіне және олардың көмекшілеріне үстемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс құжаттарына сәйкес, жұмыс беруші еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестациялауды 5 жылда кемінде бір рет өткізуге міндетті. Мекемеде 2021-2022 жылдары зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемақыны тарифін 5% мөлшерлемемен айқындай отырып, аттестациялау өткізілген. Былтыр қызметкерлердің үстемақы мөлшерімен келіспеуіне байланысты жұмыс беруші аттестациялауды қайта өткізген. Оның қорытындысы бойынша үстемақы 14% мөлшерінде белгіленді.
Бұл ретте бұған дейін талапкерлерге үстемақы төленбегені белгілі болды.
Жұмыс беруші қызметкерлеріне үстемақыны көтерілген тарифпен өткен кезеңдерге төлеуден бас тартты. Осыған байланысты жұмысшылар сотқа жүгініп, жауапкерден 2021 жылдан бастап 14% үстемақыны өндіріп алуды сұрады. Бірінші сатыдағы сот талапкерлерге үстемақының жаңа мөлшері өткен жылдарға қолданылмайтынын және сотқа жүгіну мерзімінің өтіп кеткенін көрсете отырып, оны қанағаттандырудан бас тартты.
Сот алқасы талап қоюды қанағаттандырды, өйткені соңғы аттестациялау қызметкерлердің алдыңғы нәтиженің дұрыстығын тексеру мақсатында тағайындалған, онда сол объектілер зерттеліп, еңбек жағдайларының зияндылық критерийлері өзгермеген, сондай-ақ өндірістік процесс жаңғыртылмаған. Сондықтан, алқа 14% үстемеақыны ретроспективті түрде қолдануды орынды деп таныды, – деп түсіндірді сотта.
Сондай-ақ, машинистердің сотқа жүгіну мерзімі өтпегені де айтылды: аталған кезеңдегі зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемақының нақты мөлшері туралы оларға тек 2023 жылы белгілі болған.