Оқу жылының басталуына қарай білім беру саласы бойынша жұмыс іздеушілер белсенді болды
Биылғы шілдеде орта білікті мамандарға, оның ішінде жүргізушілер мен медбикелерге сұраныс артқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен айда Эектрондық еңбек биржасында 104,4 мың бос жұмыс орны және 132,4 мың түйіндеме орналастырылған. Маусыммен салыстырғанда бос орындар саны 11%-ға (10 мың дерек), ал өзекті түйіндемелер саны 49%-ға (43,6 мың дерекке) өсті.
Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да қызмет түрлері саласындағы кәсіпорындар басым белсенділік көрсетті. Олар барлық бос жұмыс орындарының жартысынан көбін, яғни 51,9 мың бос жұмыс орнын ұсынған.
Өткен аймен салыстырғанда орташа білікті жұмыскерлерге сұраныс 14%-ға (6,1 мың бос орынға) өсті. Сонымен бірге біліктілігі жоғары ізденушілер жұмысты көбірек іздеген. Олардың түйіндемелерінің саны 41%-ға (18,8 мың түйіндемеге) өсті.
Өңірлер бөлінісінде жұмыс берушілердің белсенділік динамикасы әртүрлі. Төрт өңірде сұраныстың төмендеуі тіркелді: Жамбыл облысында – 43%-ға (2,9 мың бос орын), Алматы облысында – 27%-ға (1,6 мың бос орын), Маңғыстау облысында – 1%-ға (20 бос орын), сондай-ақ Шымкент қаласында – 9%-ға (331 бос орын). Бұл ретте сұраныстың өсуі бойынша Қарағанды облысы (19% немесе 1,9 мың бос жұмыс орны), Алматы қаласы (15% немесе 1,5 мың) және Павлодар облысы (14% немесе 1,4 мың бос жұмыс орны) көш бастады, – делінген министрлік хабарламасында.
Сұранысқа қарағанда барлық аумақтарда өтініш берушілердің ұсынысы артты. Ең үлкен белсенділік Шымкент қаласында (+167% немесе 9,4 мың түйіндеме), Қызылорда облысында (+87% немесе 4,3 мың түйіндеме) және Батыс Қазақстан облысында (+66% немесе 2,5 мың түйіндеме) байқалады.
Оқу кезеңінің басталуына байланысты білім беру және тәрбие саласы бойынша жұмыс іздеушілер белсенділігінің айтарлықтай өсуі байқалады. Ұсыныс өткен аймен салыстырғанда екі есе (10,9 мың түйіндеме) көбейген. Ең көп түйіндеме Астана (2,5 мың түйіндеме), Алматы (2,4 мың түйіндеме) қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында (1,8 мың түйіндеме) орналастырылды.
Шілде айында жұмыс берушілер арасында автокөлік жүргізушілері (2,3 мың түйіндеме мен 2 мың бос жұмыс орны), тәрбиешілер (2,1 мың түйіндемемен 1,9 мың бос жұмыс орны) және медбикелер (2 мың түйіндемемен 1,6 мың бос жұмыс орны) ең көп сұранысқа ие болды. Бұл ретте келесі мамандықтарға сұраныс едәуір өсті: тігіншілер (+0,6 мың бос жұмыс орны), математика мұғалімдері (+320 бос жұмыс орны) және тәрбиешінің көмекшілері (+300 бос жұмыс орны), – делінген министрлік хабарламасында.
Шілде айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бас құрылысшыларға орташа есеппен айына 731 мың теңгеден бастап және бас агрономдар (576 мың теңге) мен актуарийлерге (532 мың теңгеден бастап) ұсынды. Бұл ретте өз түйіндемелерінде жұмыс іздеушілердің жоғары жалақыны күтуі кеме капитаны (орта есеппен 1,7 млн теңгеден бастап), МРТ дәрігері (1 млн теңге) және коммерциялық кәсіпорындардың IT-бөлімшелерінің басшылары (992 мың теңге) сынды мамандықтарда көрініс тапты.
Осылайша, 2024 жылдың шілдесінде Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің де, жұмыс іздеушілердің де белсенділігі айтарлықтай өскен. Әсіресе, ол білім беру және денсаулық сақтау салаларында айқын көрінді. Орта білікті қызметкерлерге сұраныстың артуы және жоғары білікті мамандар тарапынан ұсыныстардың өсуі еңбек нарығындағы өзгермелі қажеттіліктерді көрсетеді, – делінген хабарламада.