Балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес беріледі
Биыл Павлодар облысында 9 бала терезеден құлап кеткен. Осыған байланысты полиция қызметкерлері ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық ПД қызметкерлері мен басқа да мүдделі ведомстволардың ескертуіне қарамастан, балалардың терезеден құлап кету фактілері жиі тіркеліп жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, биыл 2 бала қайтыс болып, 7 бала жарақат алған.
Мәселен, Екібастұзда маусымда 3-қабаттың терезесінен құлаған бала қайтыс болса, тамызда 4-қабаттың терезесінен құлаған 2 жасар бала ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды. Үш жасар бала әжесінің қасында болған кезде 3-қабаттың терезесінен құлап, ауруханаға жеткізілді.
Павлодарда ересектер ас үйде тамақтанып жатқан кезде екі жасар бала 3-қабаттағы терезеден құлап түскен, ал 1,5 жасар бала 4-қабаттағы терезеден құлады. Бұған қоса, анасы үлкен қызын емізіп жатқанда, 4 жасар қыз 5-қабаттағы терезеден құлап кеткен. Салдарынан жарақат алған балалар ауруханаға жатқызылды.
Шілдеде Ақсу қаласында әкесі дәретханаға кеткен кезде 2 жасар бала бірінші қабаттың терезесінен құлаған. Сондай-ақ, анасы телефонмен сөйлесіп жатқан уақытта 1,5 жасар бала терезеден құлаған. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды.
Биыл 16 маусымынан бастап кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналар мен басқа да заңды өкілдердің жауапкершілігін көздейтін әкімшілік құқықбұзушылықтың жаңа құрамы жұмыс істейді. Аталған өзгерістер аясында баланың ата-анасының қарауынсыз немесе қауіпті жағдайда болу фактілері анықталған кезде заңды өкілдер немесе оларды алмастыратын адамдар осы бап бойынша жаңа диспозицияға сәйкес тартылатын болады, – деді Павлодар облысының полиция департаменті қызметкерлері.
Аталған жағдайларда ата-аналарға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Материалдар сотқа жіберілді.