Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында Украина азаматы 23 жылға сотталды

Ол молдовалықтармен бірлесіп, қылмыстық топ құрған

 Динара Амантай 09.08.2024 | 10:22
Ақмола облысында Украина азаматы 23 жылға сотталды
Фото: Halyq Uni

Ақмола облыстық сотында психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрған әрі жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырған Украина және Молдова азаматтарына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, Украина азаматы Молдовадан 2 адамды жұмысқа шақырған. Олар Ерейментауда үй алып, психотроптық заттардың аналогтарын дайындау үшін шикізат сатып алып, ары қарай өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде сақтаған.

2023 жылғы тамызда Ерейментау қаласындағы тұрғын үйді, оның ауласындағы шаруашылық құрылыстарын рұқсатсыз тінту кезінде полицейлер Молдова Республикасының «М». және «G».есімді азаматтарын анықтап, ұстады. Тінту кезінде 40 келіден аса психотроптық зат табылды.

Сотта Украина азаматының шетелдіктердің қатысуымен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны, сондай-ақ, аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың аналогтарын өткізу мақсатында оларды дайындап, сақтағаны дәлелденді. Шетелдіктердің де аталған қылмысқа қатысы бары расталды.

Сот үкімімен қоғамдық қауіптіліктің сипаты мен дәрежесін ескере отырып, «В.» ҚР ҚК 264-бабының 1-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 297-бабының 4-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды және мүлкі тәркіленіп, 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «М.»-ға 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «G.»-ға 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама