Депутат Абзал Құспан мұны қате сот практикасы қалыптасып қалған деп санайды
Батыс Қазақстан облысында далада жатқан киік мүйіздерін жинаған жергілікті фермерлер мен малшылар 7-8 жылдан жаза арқалап кеткен. Одан бөлек, мойындарына миллиардтаған теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Оралда өткен жергілікті фермерлердің басындағы түйткілді мәселелерге арналған жиында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қылмыстық Кодекстің 339-бабы бойынша «өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою» заңмен қудаланады. Оған бернеше жылдан жаза қарастырылған.
Жиында сөйлеген істі болған тұлғалардың туыстары мен заңды өкілдері жәбірленуші тараптың бірнеше миллиард шығын талап ететінін айтады. Оның ең азы 1 млрд 600 мың теңгеден басталады. Ал өмір бойы мал бағып келген адам далада шашылып жатқан киіктің мүйізін жинағаны үшін сотталып кеткен. Оның ойында қылмыс жасаймын деген ниет те, әрекет те болмағаны маңызды емес. Өйткені, заңда тауып алса да, кесіп алса да, атып алса да – бәріне бір жаза.
Охотзоопром РМК БҚО филиалы басшысының орынбасары Талғат Кенжеахметов те бұл қиын мәселеге айналғанын айтады.
«Охотзоопромның» басты міндеті – киікті қорғау. Сөз болып отырған 339-бап солай қабылданған, біз сол заңға сүйенеміз. Сондықтан 339-бап өзгертілмей, мәселенің ешқандай шешімі болмайды. Далада жатқан киікті біз жинасақ, біз де сотталып кетеміз. Сондықтан жинауға құқығымыз жоқ, – дейді ол.
БҚО фермері Саян Баетовтің айтуынша, жалпы киік тақырыбы облыста өте күрделі мәселеге айналған. Оның сөзінше, елімізде жыл сайын аурудан, қарттықтан, басқа да жайттардан өлетіндерінің саны 300 мыңға жуықтайды. Оны ақшаға айналдырғанда 80 млн теңгеге бағаланады.
Кейбіреулер шөп шауып жатып жерден темір-терсек тауып алса, оны жинап алып, үйіне алып келеді. Өйткені, ол техникасын сындыруы мүмкін. Сол сиқты киік өлексесі де жерде жатады. Соны көлігіне салып алады. Оны «Охотзоопром» қызметкерлері көріп қалады. Техникасының үстінде киік өлексесі мүйізімен бірге жатады. Сондай жағдаймен де сотталып кеткендер бар. Әрине, арасында браконьерлер де болуы мүмкін, – дейді фермер.
Сол жиында болған Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірінше, 339-бап бойынша далада мүйіз жинаған адамға қылмыстық іс қозғалуға тиісті емес. Бұл бап киікті атқан, өлтірген, яғни, экологияға зиян келтірген адамдарға қатысты екені жазылып тұр. Бұған қатысты жеке пікірі ретінде қате сот практикасы қалыптасқанын айтады. Сондықтан, ол 339-бапқа өзгеріс енгізу қажет деп санайды.