Олардың бірі небәрі 19 жаста
Есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы сатпақ болған күдіктілердің бірі – 19 жаста, екіншісі – 39 жаста. Олардан 350 бума есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Атырау қаласы аумағындағы есірткі заттарын таратумен айналысқан Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. Күдіктінің жалға алынған пәтерін тінту барысында 181 дана пакетке оралған ерекше иісі бар қара қоңыр түстес есірткі тәркіленді, деп мәлімдеді Polisia.kz.
Сондай-ақ Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан ер адамды құрықтады. Тексеру кезінде одан 25 бумаға оралған есірткі тәркіленді – деп қосты Ішкі істер министрлігі.
Күдіктінің қала аумағында жасырған 6 бума есірткісі тәркіленді. Оның жеке пәтерін тінту барысында 96 бума синтетикалық есірткі және ерекше иісі бар жасыл түстес өсімдік салынған 31 бума тәркіленді.
Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауға алынып, оларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.